Қазақстан Республикасындағы МСАК ұйымдарындағы дәрілік қамтамасыз ету
Қазақстан Республикасының алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарындағы дәрілік қамтамасыз ету Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Тегін дәрілік қамтамасыз етуге кімдер құқылы?
Тегін дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен диспансерлік есепте тұрған пациенттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне енгізілген аурулары бар азаматтар қамтамасыз етіледі.
Дәрілік заттарды қалай алуға болады?
Тегін дәрілік препараттарды алу үшін:
• алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін емханаға тіркелу;
• дәрігердің қабылдауынан өту;
• медициналық көрсетілімдер болған жағдайда диспансерлік есепке тұру;
• дәрігерден рецепт алу;
• тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне қатысатын дәріханадан дәрілік заттарды алу қажет.
Қандай аурулар бойынша тегін дәрілік қамтамасыз ету қарастырылған?
Тегін амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен аурулар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Олардың қатарында:
• қант диабеті;
• артериялық гипертония;
• созылмалы жүрек жеткіліксіздігі;
• бронх демікпесі;
• өкпенің созылмалы обструктивті ауруы (ӨСОА);
• туберкулез;
• онкологиялық аурулар;
• психикалық аурулар;
• вирустық гепатиттер;
• АИТВ-инфекциясы;
• орфандық (сирек кездесетін) аурулар;
• сондай-ақ қолданыстағы тізбеде көзделген басқа да аурулар.
Маңызды ақпарат!
Дәрілік препараттар тек дәрігердің рецепті бойынша және медициналық көрсетілімдер болған жағдайда тегін беріледі. Дәрілік заттардың атауы, дозасы және тағайындау тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.
Пациенттің құқықтары
Әрбір пациенттің:
• тағайындалған ем туралы толық ақпарат алуға;
• заңнамада көзделген жағдайларда тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етілуге;
• дәрілік қамтамасыз ету мәселелері бойынша емдеуші дәрігерден түсіндірме алуға;
• дәрілік заттармен қамтамасыз етуге қатысты мәселелер туындаған жағдайда Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне жүгінуге құқығы бар.
Дәрігерге уақтылы қаралу, диспансерлік бақылаудан жүйелі өту және тағайындалған емді сақтау – аурудың асқынуының алдын алуға және денсаулықты сақтауға мүмкіндік береді.
