ТМККК және МӘМС: әрбір азамат білуі тиіс ақпарат
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – Қазақстан Республикасында медициналық көмекті көрсетудің мемлекеттік жүйелері.
ТМККК дегеніміз не?
ТМККК – азаматтың сақтандырылған мәртебесіне қарамастан мемлекет кепілдік беретін медициналық көмек көлемі.
ТМККК аясында:
• жедел және шұғыл медициналық көмек;
• алғашқы медициналық-санитариялық көмек (жалпы практика дәрігері, терапевт, педиатр қабылдауы);
• әлеуметтік мәні бар ауруларды диагностикалау және емдеу;
• айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде медициналық көмек;
• паллиативтік көмек;
• профилактикалық іс-шаралар мен вакцинацияның жекелеген түрлері көрсетіледі.
МӘМС дегеніміз не?
МӘМС – сақтандырылған азаматтарға медициналық қызметтердің кеңейтілген пакетін алуға мүмкіндік беретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі.
МӘМС аясында қандай қызметтер көрсетіледі?
Сақтандырылған азаматтар:
• бейінді мамандардың консультацияларын;
• медициналық көрсетілімдер бойынша зертханалық және аспаптық зерттеулерді;
• дәрігердің жолдамасымен УДЗ, рентген, КТ, МРТ және басқа диагностикалық зерттеулерді;
• жоспарлы стационарлық көмекті;
• медициналық оңалтуды;
• жоғары технологиялық медициналық көмекті;
• бекітілген тізбе бойынша дәрілік қамтамасыз етуді ала алады.
МӘМС мәртебесін қалай тексеруге болады?
Мәртебені:
• eGov.kz порталынан;
• eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы;
• Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мобильді қосымшасы арқылы;
• тіркелген емханадан тексеруге болады.
Кім сақтандырылған болып есептеледі?
«Сақтандырылған» мәртебесі:
• жұмыс беруші жарна төлейтін азаматтарға;
• жарнаны өз бетінше төлейтін азаматтарға;
• мемлекет жарна төлейтін жеңілдік санаттарына жататын азаматтарға беріледі.
Маңызды ақпарат!
Егер азаматтың «Сақтандырылған» мәртебесі болмаса, ол ТМККК шеңберінде медициналық көмекті алуды жалғастырады. Алайда МӘМС пакетіне кіретін бірқатар медициналық қызметтер сақтандыру мәртебесі қалпына келтірілгенге дейін қолжетімсіз болады.
Сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алу үшін МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді тұрақты түрде тексеріп, қажет болған жағдайда жарналар бойынша берешекті уақытында өтеу ұсынылады.
